Жолаушылар люкс саяхатқа билетті 20 млн теңгеге сатып алған
MV Hondius круиздік лайнерінде кеміргіштер тарататын хантавирус індеті өршіп, салдарынан үш жолаушы көз жұмды. Аргентинадан шыққан кеме Кабо-Верде жағалауында тұр. Жергілікті билік аурудың таралуынан қауіптеніп, жолаушылардың жағаға шығуына рұқсат бермей отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Dailymail-ге сілтеме жасап.
Соңғы мәліметтер бойынша, кеме бортында барлығы 240-қа жуық адам қамалып отыр. Оның 170-ке жуығы – жолаушы, 70-і – экипаж мүшесі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кемеде вирус жұқтырған алты жағдайды анықтады. Оның ішінде нидерландтық ерлі-зайыптылар мен тағы бір жолаушы қайтыс болды. Тағы бір британдық азамат ауыр халде Оңтүстік Африка Республикасындағы ауруханада жатыр.
Құны 35 000 фунт стерлингке (шамамен 20 млн теңге) дейін жететін люкс саяхатты сатып алған саяхатшылар кеме ішіндегі жағдайды «тозаққа» теңеп жатыр.
Oceanwide Expeditions компаниясы Кабо-Верде билігімен келіссөз жүргізіп жатқанымен, әзірге эвакуацияға рұқсат берілмеді. Жолаушыларға қатаң маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау міндеттелді.
Бұл кеміргіштердің (тышқан, егеуқұйрық) бөлінділері арқылы тарайтын қауіпті вирус.
Белгілері: Қатты қызу, бұлшықет ауруы, шаршау. Асқынған жағдайда тыныс алу жолдары мен бүйректі зақымдайды.
Жұғу жолы: Әдетте адамнан адамға жұқпайды, тек кеміргіштермен тікелей немесе жанама байланыс арқылы тарайды.
Егер Кабо-Верде жағалауынан рұқсат берілмесе, кеме тағы 1000 миль қашықтықтағы Испанияның Канар аралдарына бет алуы мүмкін. Ұлыбритания СІМ мен халықаралық ұйымдар жағдайды бақылауда ұстап отыр.