Бүгін, 01:27
Әлем

Германиядағы АҚШ әскері азаяды: Трамп 5 мың сарбазды қайтарады

АҚШ Еуропадағы ең ірі әскери контингентін қысқартуға кірісті

Германиядағы АҚШ әскері азаяды: Трамп 5 мың сарбазды қайтарады
Фото: © REUTERS / Kevin Lamarque

АҚШ Қорғаныс министрлігі Германиядан бес мың әскери қызметкерді шығару туралы шешім қабылдады. Бұл бұйрық қорғаныс министрі Пит Хегсеттен Дональд Трамп пен Германия канцлері Фридрих Мерц арасындағы қарым-қатынас күрт шиеленіскен тұста түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.

Пентагон өкілі Шон Парнеллдің айтуынша, бұл шешім Еуропадағы әскердің орналасуын жан-жақты талдаудан кейін қабылданған.

«Бұл шешім Қорғаныс министрлігінің Еуропадағы әскерді орналастыруын мұқият саралау нәтижесінде қабылданды. Онда әскери операциялар қажеттілігі мен жергілікті жағдайлар ескерілді. Әскерді шығару алдағы алты-он екі ай ішінде аяқталады деп күтіп отырмыз», – деді Парнелл.

Шиеленістің өршуіне Мерцтің АҚШ-ты Иранмен келіссөздерде «қор болды» деп бағалауы түрткі болған. Трамп бұл мәлімдемеге қатаң жауап берді. Бұған дейін АҚШ президенті Германия канцлерін өткір сынға алып, оның саясатын тиімсіз деп атаған еді.

Өткен жылдың желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, Германияда 36 мыңнан астам америкалық әскери қызметкер орналасқан – бұл АҚШ-тың Еуропадағы ең ірі контингенті. Олардың едәуір бөлігі елдің оңтүстік-батысындағы «Рамштайн» әуе базасында шоғырланған. Германиядан бөлек, Трамп Италия мен Испаниядан да әскерді шығару мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеді.