Египеттегі шоуда туристі кобра шағып өлтірді

Автор: Алмас Ерсін

Германиялық туристі жылан шағып, көз жұмды

Фото: istockphoto.com

Египеттің ең танымал курорттарының бірі – Хургадада ойын-сауық шоуы кезінде турист қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy The Guardian-ға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға сәуір айының басында болғанымен, оның мән-жайы енді ғана белгілі болып отыр. 57 жастағы Германия азаматы туыстарымен бірге демалып жүріп, жылан үйретушілердің өнерін тамашалауға барған.

Бавария полициясының мәліметінше, шоу барысында әртістер көрермендерге кобралармен байланыс орнатуға мүмкіндік берген. Тіпті жыландарды олардың мойнына іліп, жақыннан көрсетуге тырысқан. Сол сәтте бауырымен жорғалаушылардың бірі туристің киімінің ішіне кіріп кетіп, аяғынан шағып алған.

Куәгерлердің айтуынша, ер адамда уланудың белгілері тез байқалған. Оған сол жерде алғашқы көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Қазір Германияның құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін токсикологиялық сараптама нәтижелері күтілуде.