Иран мен АҚШ демалыс күндері келісімге келуі мүмкін

Автор: Темірхан Айжан

Тараптар алдымен өзара түсіністік меморандумына қол қояды

Фото: REUTERS/Mohamed Azakir

Иран мен АҚШ арасындағы қарулы қақтығыс шешуші кезеңге келді. Трамптың айтуынша, тарихи құжатқа Пәкістан астанасы Исламабадта қол қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.

Пәкістан армиясының қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунир арағайындық етіп жатқан жоспар бойынша, процесс екі кезеңнен тұрады. Тараптар алдымен өзара түсіністік меморандумына қол қояды, содан кейін 60 күн ішінде барлық техникалық детальдар пысықталып, толыққанды бейбіт келісімшарт дайындалады.

28 ақпанда басталған қақтығыс әлемдік мұнай дағдарысын тудырды. Brent маркалы мұнай бағасы $98,17 долларға дейін төмендеді. WTI мұнайы $93,47 доллар болды. Осыған дейін Халықаралық валюта қоры қалыптасқан жағдайдың әлемді экономикалық дағдарысқа ұшыратуы мүмкін деп ескерткен болатын.

Қазіргі уақытта жаһандық энергия тасымалының негізгі жолы - Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық. Иран бұғазды тек өз кемелері үшін ашық қалдырды, ал Вашингтон Иран порттарына блокада жариялады. Бұл Тегеранның негізгі сатып алушысы - Қытайға мұнай жеткізуді қиындатып отыр. Қақтығыс тек Иранмен шектелмей, Ливан аумағын да шарпыды. Израиль мен Ливан арасында уақытша оқ атуды тоқтату режимі күшіне енді. Трамп «Хезболла» тобын тыныштық сақтауға шақырды.

Келіссөздердегі ең қиын тақырып – Иранның ядролық бағдарламасы. АҚШ Иранның ядролық нысандарын 20 жылға жабуды талап етсе, Тегеран бұл мерзімді 3-5 жылмен шектегісі келеді. Дегенмен, қазіргі таңда Иран байытылған уранның бір бөлігін елден шығару арқылы санкцияларды толық жоюға тырысып, ымыраға келуге ниет білдіріп отыр.