Он мемлекет Ливандағы бітімгерлердің қаза тапқанын айыптап, қақтығысты тоқтатуға шақырды
Ливанда 2000-нан аса адам қаза тапқан
Канада, Ұлыбритания, Австралия, Жапония бастаған он мемлекет Ливандағы БҰҰ бітімгерлерінің қаза тапқанын қатаң айыптап, аймақтағы әскери қимылдарды шұғыл тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters агенттігінің жазуынша, Австралия, Бразилия, Канада, Колумбия, Индонезия, Жапония, Иордания, Сьерра-Леоне, Швейцария және Ұлыбритания бірлескен мәлімдеме жасаған. Онда тараптар Ливандағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына және халықтың жаппай көшуіне байланысты алаңдаушылық білдірген.
Бұл мәлімдеме өткен айда Индонезияның үш бітімгері қаза тапқаннан кейін жарияланды. БҰҰ жүргізген алдын ала тергеу нәтижелері бойынша бір бітімгер израильдік танктің снарядынан қаза тапқан, екі бітімгер қолдан жасалған жарылғыш заттың жарылуынан мерт болған.
Қазіргі уақытта Ливандағы шиеленіс салдарынан 1,2 миллионнан астам адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Ел билігінің мәліметінше, қақтығыстар басталғалы бері құрбандар саны 2000-нан асқан.
Халықаралық қауымдастық Ливандағы БҰҰ қызметкерлері мен гуманитарлық персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді. Иран бұл шиеленісті аяқтау мәселесін жалпы аймақтық келісімдерге қосуды ұсынса, Израиль өз кезегінде Ливан билігінен «Хезболла» тобын қарусыздандыруды талап етіп отыр.