Түркияда басқа мектепке ауысып кеткен жас жігіт наразылық ретінде оқушыларға оқ атқан

Автор: Асқарова Қарлығаш

Кейін ол өзіне-өзі қол жұмсаған

Фото: скриншот

Түркияның Шанлыурфа қаласында мектепке қарулы шабуыл жасалып, 16 адам бала жараланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Haberturk сайтының мәліметінше, оқиға Ахмет Коюнджу атындағы Анадолы кәсіптік-техникалық лицейінде болған. БАҚ деректеріне сүйенсек, жас жігіт алдымен оқу орнының ауласында ұзын ұңғылы қарумен оқ атқан, кейін ғимарат ішіне кіріп, балаларға оқ жаудыра бастаған.

Атыс басталған сәтте мектеп ішінде дүрбелең туып, кейбір оқушылар терезеден секіріп қашуға тырысқан. Тиісті адамдар оқу орнындағы адамдарды жедел түрде сыртқа шығарған. 

Провинция губернаторы Хасан Шылдактың айтуынша, шабуыл салдарынан 16 адам жарақат алған. Олардың арасында төрт мұғалім, он оқушы, асхана қызметкері және бір полиция қызметкері бар. Төрт зардап шеккен адамның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

Оның сөзінше, шабуыл жасаған адам бұрын осы мектепте оқыған, кейін басқа оқу орнына ауысқан. 

«Полиция мектепті қоршауға алғаннан кейін, ұсталатынын түсінген ол өз-өзіне қол жұмсады», — деді губернатор.

Сондай-ақ, күдіктінің 19 жаста болғаны хабарланды. Алдын ала мәліметтер бойынша, шабуылға оның басқа мектепке ауысып кетуі түрткі болған. Яғни, бала ол мектепке барғысы келмеген. Қазір  аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.