Мұндай шешімге күн райының қолайсыздығы себеп болғаны айтылды
Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыров өңір аумағында төтенше жағдай режимін енгізу туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Чечня сегодня» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мұндай шешімге қолайсыз ауа райы себеп болған.
Төтенше жағдай аймағына Грозный және Аргун қалалық округтері, сондай-ақ республиканың тағы 9 муниципалдық ауданы кірді.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы күндері жауған нөсер жаңбыр, таулы аймақтардағы қатты жауын-шашын, жаңбыр мен сулы қардың түсуі жағдайды ушықтырған. Соның салдарынан өзендердегі су деңгейі қауіпті межеге дейін көтеріліп, шағын көлемдегі сел жүрген.
27–28 наурыз аралығында өңірдегі 18 елді мекенде 1817 үй мен аула аумағын су басқан. Сонымен қатар 28 жол шайылып, бір бөгет бүлінген. Бұдан бөлек, 17 көпірге, 5 газ құбырына және 6 трансформаторға зақым келген.