БҰҰ Парсы шығанағындағы негізгі елдермен және Еуропалық кеңеспен байланыс орнатып отыр
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйым Ормуз бұғазындағы шиеленісті бәсеңдету үдерісінде белсенді рөл атқаруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл бұғаз – әлемдік мұнай мен газ жеткізілімі үшін аса маңызды су жолдарының бірі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Гутерриш Politico басылымына берген сұхбатында БҰҰ шабуылдар мен жауап соққылары қаупін азайтуға бағытталған жоспардың бір бөлігі бола алатынын айтты. Сондай-ақ ұйымның халықаралық дағдарыстарда арағайындық жасау тәжірибесі бар екенін атап өтті.
Мысал ретінде бас хатшы Қара теңіз бастамасын келтірді. Ол 2022 жылдың шілдесінен бастап Ресей бір жылдан кейін қатысуын тоқтатқанға дейін гуманитарлық дәліз арқылы Украина астығы мен тыңайтқыштарын экспорттауға мүмкіндік берген еді.
«Менің басты мақсатым – Ормуз бұғазында бұрын болған жағдайларға ұқсас жағдай жасау мүмкін бе, соны анықтау», – деді бас хатшы.
Гутерриш БҰҰ Парсы шығанағындағы негізгі елдермен және Еуропалық кеңеспен байланыс жасап отырғанын да қосты.
Ол қазіргі ахуалдың бұрынғы жағдайлардан өзгеше екенін айтып, оны реттеу үшін басқа тәсіл қажет болатынын жеткізді.
«Әрине, бұл – басқа контекст. Шешім де басқаша болады. Бірақ біз пайдалы болғымыз келеді және жүйені басқаруға дайынбыз. Бұл үшін бізде жұмыс топтары құрылған. Дегенмен біз АҚШ-пен және басқа мемлекеттермен тікелей жұмыс істеуді жөн көреміз», – деді ол.