$ 491.68  568.23  6.2
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мәскеуде «Крокус Ситиге» жасалған терракт бойынша 15 адам өмір бойына сотталды

Төрт адамға 19-дан 22 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы берілді 

Мәскеуде «Крокус Ситиге» жасалған терракт бойынша 15 адам өмір бойына сотталды
Фото: Getty Images

Мәскеуде «Крокус Сити Холл» театрына жасалған шабуыл бойынша қылмыстық істің нүктесі қойылды. Кемінде 147 адамның өмірін қиған теракт үшін 15 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС-дің жазуынша, сот шабуылды тікелей орындаушылар – Далерджон Мирзоев, Саидакрами Рачабализода, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзовты «Ислам мемлекеті – Вилаят Хорасан» террорлық тобының мүшелері деп таныды.

Сот үкімімен 15 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, 4 сотталушы 19-дан 22 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасына кесілді.

Айыпталушылар террорлық әрекет мақсатында оқудан өту, қару-жарақты заңсыз айналымға салу және террорлық ұйымның ісіне қатысып, теракт жасау баптары бойынша кінәлі деп танылды. Айта кетерлігі, сотталушылардың өмірбаянында бұрын-соңды радикалды көзқарас белгілері байқалмаған. Үшеуінің отбасы мен жұмысы болса, ең кішісі Файзов шаштараз болып істеп, отбасына ақша жіберіп тұрған.

Еске салсақ, 2024 жылғы 22 наурызда «Пикник» тобының концертіне 6 мыңнан астам билет сатылған болатын. Сағат 20:00 шамасында төрт содыр ғимаратқа басып кіріп, адамдарға оқ жаудырып, концерт залын өртеген. Бар болғаны 18 минутқа созылған шабуыл Ресей тарихындағы Беслан оқиғасынан кейінгі ең ірі теракт ретінде тіркелді. Қаза тапқандар санына қатысты деректер әртүрлі. Мемлекеттік айыптаушы 147, Тергеу комитеті 149, ал БАҚ 150 адам деп көрсетеді.