Австралияға жарысқа барған 5 ирандық футболшы виза алды

Автор: Темірхан Айжан

Олар елінің саяси режиміне қарсылық көрсеткен 

Фото: Tony Burke/X via Reuters

Австралия үкіметі Иран әйелдер құрамасының бес футболшысына гуманитарлық виза берді. Спортшылар өз еліндегі қуғын-сүргіннен қауіптеніп, саяси пана сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бес ойыншы Голд-Кост қаласындағы қонақүйден қашып шыққан. Австралия полициясы оларды қауіпсіз жерге жеткізіп, арнайы бақылауға алды. Қазіргі уақытта олардың нақты қай жерде екені қауіпсіздік мақсатында жарияланбады, бірақ Австралияның ішкі істер министрі Тони Берк олармен кездесіп, құжаттарға қол қойған суретін жариялады.

Reuters жазғандай, оқиға Азия Кубогы кезінде болған. Футболшылар Оңтүстік Кореямен ойын алдында Иран гимнін айтудан бас тартқан. Бұл әрекетті Иран билігі «сатқындық» және «масқаралық» деп айыптады.

Қазіргі таңда команданың қалған мүшелері Голд-Кост қаласындағы қонақүйде жатыр. Премьер-министр Альбанезе олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріп, көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Алайда, кейбір ойыншылар Ирандағы отбасыларына қауіп төнеді деген қорқынышпен елге қайтуы мүмкін.

Халықаралық кәсіби футболшылар қауымдастығы бес ойыншыға виза берілгенін құптап, бірақ қалған спортшылар мен олардың туыстарының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.