Тұрғындарға ескертулер беріліп жатыр
АҚШ-та күшті қарлы боран соғып жатыр. Нью-Йорк, Бостон және Филадельфияда тұратын 40 млн адамға ескерту жасалды, тағы 19 миллион адамға ескерту берілмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС-дің жазуынша, Нью-Йорк, Нью-Джерси, Пенсильвания, Делавэр, Род-Айленд, Массачусетс және Коннектикут штаттарында төтенше жағдай жарияланды. Ұлттық метеорологиялық қызмет кейбір аудандарда қардың қалыңдығы 60 см-ге дейін жететінін, ал желдің екпіні сағатына 113 шақырымға дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеген.
FlightAware қызметінің дерегінше, кешеден бері 5300-ден астам ішкі және халықаралық авиарейстер тоқтатылды.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани тұрғындарға мүмкіндігінше үйде отыруға кеңес берді. Дүйсенбі күні Нью-Йорктің барлық мектептері жабылды, тіпті қашықтан оқыту да болмайды. Қалалық мектептер басқармасы 13 мектеп ғимаратын уақытша «жылыну орталығы» ретінде жұмыс істейтінін атаған.
Қала көшелерінде 2300 қар тазалайтын техника және жолға тұз себетін 700 машина жұмыс істеп жатыр. Санитарлық департаменттің 2600 қызметкері 12 сағаттық ауысыммен шығып жатыр. Бұған дейін қаңтар айының ортасында саршұнақ аяз болып өткен, сол кезде Нью-Йоркте 19 адам, ал бүкіл ел бойынша 30-дан астам адам көз жұмған еді.