Дональд Трамп импорттық баж салығын 15 пайызға дейін көтерді

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол барлық елге салынатын сауда баж салығына қосымша 5% қосты

Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Жоғарғы соттың шешімінен кейін барлық елге салынатын сауда баж салығына қосымша 5% қосты. Енді импорттық тауарлар үшін төлем деңгейі 15% дейін жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ақ үй басшысы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Жоғарғы соттың сауда саясатына қатысты шешімін «антиамерикалық» деп атады. Оның айтуынша, бұл қадам АҚШ экономикасын ондаған жылдар бойы «тонап келген» елдерге тосқауыл қою үшін жасалған.

«Мен Америка Құрама Штаттарының Президенті ретінде, бұған дейін енгізілген 10 пайыздық тарифті дереу заңды түрде рұқсат етілген 15 пайыздық деңгейге дейін көтеремін», — деп мәлімдеді Дональд Трамп.

Трамп әкімшілігі алдағы бірнеше ай ішінде жаңа, заңды түрде негізделген тарифтерді анықтап, бекітуді жоспарлап отыр. Президенттің пайымдауынша, бұл шаралар АҚШ-тың ішкі нарығын қорғауға және әділ сауда балансын орнатуға бағытталған.

Даудың басы неден басталды?

Еске сала кетейік, 20 ақпанда АҚШ Жоғарғы соты Трамптың импорттық баж салығын енгізу туралы бұйрығын «Төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы» заңға қайшы деп таныған болатын. Сот шешімінен кейін Трамп алдымен барлық елдер үшін 10% салық енгізген еді, алайда көп ұзамай бұл көрсеткішті тағы 5% арттыру туралы шешім қабылдады.