«Ескертуге қарамастан тауға шығып кеткен»: 10 шаңғышы ұшты-күйлі жоғалып кетті

Автор: Темірхан Айжан

Алты адам тау басында құтқарушыларды күтіп отыр 

Фото: REUTERS/Bob Strong/File

Калифорния штатындағы Сьерра-Невада тау сілемінде жойқын қар көшкіні жүріп, оннан астам шаңғышы жоғалып кетті. Тағы алты адам апат аймағында құтқарушыларды күтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.

Невада округі шерифінің капитаны Рассел Гриннің мәлімдеуінше, қар көшкіні тағы да қайталануы мүмкін, сондықтан құтқару жұмысы да баяу жүріп жатыр.

Апат Тахо көлінен солтүстікке қарай орналасқан Касл-Пик аймағында болған. Тауға сырғанауға 16 адам шыққан, оның 12-сі – турист, төртеуі – гид. Қазіргі күні аман қалған 6 адам уақытша баспананы паналап, құтқарушылармен радиомаяк және мәтіндік хабарламалар арқылы байланыс орнатқан, қалғаны хабар-ошарсыз жоғалған.

Колорадо қар көшкіні ақпарат орталығының дерегінше, егер жоғалғандардың қазасы расталса, бұл оқиға АҚШ тарихындағы ең ірі қайғылы жағдайлардың бірі болмақ. Осы маусымда ел аумағында қар көшкінінен 6 адам мерт болған.

Сейсенбі күні Солтүстік Калифорнияда қысқы дауылға байланысты ескерту жарияланып, таулы аймақтарда қалың қар жауатыны ескертілген. Қазіргі уақытта Boreal Mountain курорты мен Alder Creek орталығынан арнайы жасақтар шығып, «Snowcat» техникасымен апат аймағына бет алды.

Калифорния штатының әкімшілігі іздестіру-құтқару шараларын үйлестіру үшін жергілікті қызметтерді үйлестіріп жатыр.