Лувр музейінің қызметкерлері 10 жыл бойы жалған билет сатып, пайда тапқан
Қазір 9 адам ұсталды
Парижде Лувр музейі мен Версаль сарайының билеттерін заңсыз сатып, алаяқтықпен айналысқан қызметкерлер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі leparisien басылымына сілтеме жасап.
Полиция жүргізген операция барысында тоғыз адам ұсталды. Олардың ішінде музей қызметкерлері, экскурсия жүргізушілері және қылмыстық желіні ұйымдастырды деген күдікке ілінген тұлғалар бар. Алдын ала мәлімет бойынша, Луврдың өзіне 10 миллион еуродан аса шығын келген.
Тергеу кезінде 957 мың еуродан астам қолма-қол ақша, банктік шоттардағы 486 мың еуро, үш автокөлік және бірнеше банк сейфі тәркіленді.
Тергеу 2024 жылдың желтоқсанында музейдің шағымынан кейін басталған. Лувр өкілдері кейбір гидтердің бір билетті бірнеше рет пайдаланып, туристерді заңсыз өткізгенін хабарлаған.
Прокуратураның мәліметінше, бұл схема шамамен он жыл бойы жұмыс істеп, күніне 20-ға дейін туристік топты өткізген болуы мүмкін. Қазір қылмыстық іс ұйымдасқан алаяқтық, ақшаны жылыстату, сыбайлас жемқорлық және жалған құжаттарды пайдалану баптары бойынша тергеліп жатыр.
Музей әкімшілігі соңғы уақытта билетке қатысты алаяқтық әрекеттер көбейгенін атап өтіп, оған қарсы бақылау мен алдын алу шаралары күшейтілгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 19 қазанда Париждегі әлемге әйгілі Лувр музейіне ұры түскен еді. Олар жалпы құны 88 миллион еуро болатын тарихи жәдігерлерді қолды еткен.