Ол көзіне жас алып, бәрін мойындаған
Норвегиялық биатлоншы Стурла Лагрейд Олимпиадада алғашқы медалін жеңіп алғаннан кейін жеке өміріне қатысты күтпеген мәлімдеме жасап, көз жасын төкті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Италияда өтіп жатқан жарыста 28 жастағы Лагрейд қола медаль иеленді. Содан кейін журналистерге сұхбат берген ол спорттағы жетістігінің орнына басынан өтіп жатқан махаббат хикаясын айтқан. Ол бірнеше ай бұрын сүйіктісіне опасыздық жасағанын, енді кешірімін алғасы келетінін айтты.
«Осы сәтті маған қымбат адаммен бөліскім келген, бірақ ол мені көріп отырмаған да шығар. Алты ай бұрын шын махаббатымды кездестірдім. Әлемдегі ең әдемі әрі мейірімді жанды жолықтырдым. Бірақ мен оған опасыздық жасап, өмірімдегі ең үлкен қателікті жасадым. Бұл туралы өзіне бір апта бұрын ғана айттым. Соңғы күндері спорт екінші орынға ысырылды», - деді ол.
Биатлоншы сүйіктісінен кешірім сұрап, шын өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ ол шындықты жасырмай айту арқылы қарым-қатынасты сақтап қалуға үміттенетінін айтты.
Жарыста алтын медальді норвегиялық Йохан-Олав Ботн жеңіп алды. Лагрейд кейін жеке басының мәселесімен көрермен назарын басқа жаққа бұрғаны үшін кешірім сұрады.
Спортшының эмоционалды мәлімдемесі спорт қауымдастығында әртүрлі пікір туғызды. Кейбір сарапшылар Олимпиада кезінде мұндай жеке мәселелерді жария түрде көтеру орынсыз болғанын атап өтті.