Ол киноның шығармашылық процесіне толықтай араласқан
АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп өзі туралы фильм түсіріп, прокатқа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мелания» фильмі бір жылдан астам уақыт бойы түсірілген. CNN дереккөзінің ақпаратынша, Трамп Amazon MGM Studios-пен 40 миллион долларға келісімшарт жасасып, маркетингке 35 миллион доллар бөлген.
Мелания Трамп фильмнің қаралымына, рейтингіне мән бермейтінін айтқан.
«Ең бастысы, ойға алған істі атқардық. Осының өзі маған жетістік. Мен фильмді мақтан тұтамын, адамдар ұната ма, жоқ па, ол әркімнің таңдауы», - деді бірінші ханым.
Фильмде соңғы президенттік инаугурацияға дейінгі 20 күн көрсетілген. Көрермендер бірінші ханымның жеке өмірін, іс-шараларға дайындықты, киім таңдау мен ұйымдастыру процестерін көре алады. Мелания Трамп өзінің 2024 жылы қаңтарда қайтыс болған анасы Амалия Кнавс туралы айтады. Режиссер Бретт Ратнер мен оның командасы инаугурациядан кейін біраз уақыт өткен соң бірінші ханыммен байланысқа шығып, оның сапарларын түсірген.
Көрсетілімге келген президент Дональд Трамп фильм «өте көркем, керемет» деп бағалаған.
Фильмнің тұсаукересіне қорғаныс министрі Пит Хегсет жұбайымен, білім министрі Линда Макмахон, ауыл шаруашылығы министрі Брук Роллинз, медициналық сақтандыру орталығының әкімшісі доктор Мехмет Оз отбасымен, сондай-ақ бірінші ханымның әкесі Виктор Кнавс келген. «Мелания» жұма күні әлемдік кинотеатрларда көрсетіледі.