Нью-Йоркте қатты аяздан сегіз адам үсіп өлді

Автор: Темірхан Айжан

Ел бойынша қатты аяз жүріп жатыр 

Фото: iStockphoto

Нью-Йорк қаласында екі күн бойғы аяздан 8 адам үсіп өлген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Spectrum news-ке сілтеме жасап.

АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметінің (NWS) мәліметінше, аязды дауылдан кейін мектептер мен жолдар жабылып, әуе рейстері тоқтатылған. Ел аумағында мыңдаған үй жарықсыз қалған.

Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани боранның басылуы қауіптің толық сейілгенін білдірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қалалық баспаналар қабылдау талаптарын жеңілдетіп, мұқтаж жандардың барлығын қабылдап жатыр.

Қала билігі «Көк код» (Code Blue) режимі әлі де күшінде екенін мәлімдеп, суықтан зардап шегіп жүрген адамдарды көрген жағдайда 311 нөміріне хабарласуға шақырды.

Өткен жылғы санақ нәтижесіне сәйкес, Нью-Йорк көшелерінде қаңғыған адамның саны 4,5 мыңнан асқан. Коалиция өкілі Дейв Гиффеннің айтуынша, аязды түндерде үй-күйсіз адамдар көзге түсе бермейтін қиын жерлерді паналайды, сондықтан оларға дер кезінде көмек көрсетілмей жатады.

Қала билігі температураның одан әрі төмендеуіне байланысты көмек көрсету топтарының жұмысын күшейткен. Адамдарды баспаналарға, жылыну пункттеріне шақыру жалғасып жатыр.