Камбоджадағы скам-орталықтарға рейд жүргізілген
Оңтүстік Корея шетелде отырып, отандастарының қалтасын қаққан 73 азаматын Камбоджадан елге қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Yonhap агентігінің мәлімдеуінше, күдіктілерді Оңтүстік Корея мен Камбоджа полициясы бірігіп ұстаған. Оларға 869 оңтүстіккореялық азаматты алдап, жалпы сомасы 48,6 миллиард вон (33,1 миллион АҚШ доллары) көлемінде қаржы жымқырды деген айып тағылып отыр.
Қылмысқа қатысы барлар Сеулдің батысында орналасқан Инчхон халықаралық әуежайына жеткізілді. Ұшақ қонған бойда олар сот санкциясы негізінде ресми түрде қамауға алынып, тергеуді жалғастыру үшін ел аумағындағы жергілікті полиция бөлімшелеріне жіберілді. Ақпарат құралдары олардың көбі 20-30 жас аралығындағы ер адамдар екенін жазды.
70 күдікті құрбандарын интернет арқылы әртүрлі жолмен алдаған, оның ішінде визуалды романтикалық қатынас құрғандар да бар. Қалған 3 адамға тонау, заңсыз құмар ойындарға қатысу деректері бойынша айып тағылған. Күдіктілер қатарында «дипфейк» технологиясын қолданып, 104 адамды алдап, 12 миллиард вон пайда тапқан ерлі-зайыпты бар. Ұсталар алдында биліктен жасырыну үшін пластикалық операция жасаған.
Бірлескен жедел топ Камбоджаның Сиануквиль, Пойпет қалалары мен Мондулкири провинциясын қоса алғанда, жеті нысанда рейд жүргізіп, алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтардың мүшелерін ұстады.
Сонымен қатар, алаяқтық лагерінде азапталған 20 жас шамасындағы ер адамдар босатылды.
Бірлескен операцияға Ұлттық полиция агенттігі, Әділет министрлігі, Ұлттық барлау қызметі және Сыртқы істер министрлігі қатысқан. Еске салсақ, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 2022 жылдан бері Таиланд пен Вьетнамдағы дипломатиялық өкілдіктеріне шетелде еңбек қанаушылығына, жыныстық құлдыққа, кибералаяқтыққа және заңсыз бостандығынан айыруға ұшыраған 55 қазақстандық көмек сұрап жүгінгенін мәлімдеген еді.