Екі пойызда барлығы 400 жолаушы болған
Испанияның оңтүстігінде жүрдек пойыздардың соқтығысуынан қаза тапқандар саны 40 адамға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін ВВС агенттігі 21 адамның опат болғаны расталғанын жазған еді. Бұл елдегі кейінгі онжылдықта болып тұрған ең үлкен теміржол апаты. Малагадан Мадридке бет алған Iryo компаниясының жедел пойызы рельстен шығып, келесі жолға өтіп, қарсы келе жатқан пойызға соқтығысқан.
Теміржол компанияларының мәліметінше, екі пойызда барлығы 400 жолаушы мен қызметкерлер болған. Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, кемінде 73 адам ауруханаға жеткізілген, олардың 24-і ауыр жарақат алған, солардың ішінде төрт бала бар.
El Pais басылымының жазуынша, пойыз былтыр мамырда жөндеуден өткен, оған шамамен 700 миллион еуро жұмсалған. Билік тергеуді бастады, тергеу кемінде бір айға созымақ. Екі пойыз соқтығысқан кезде сағатына шамамен 200 км жылдамдықпен жүрген болуы ықтимал.
Төтенше жағдайлар агенттігі апатқа ұшыраған пойыздардың барлық жолаушыларына әлеуметтік желілерде тірі екендерін хабарлауды сұрады. Құтқарушылардың айтуынша, апат кезінде кейбір вагондар тек аударылып қана қоймай, мыжылып қалған, сондықтан адам денелерін шығару қиын болып жатыр.
Испания премьер-министрі Педро Санчес жексенбі түнінде бүкіл елдің қайғы жамылғанын жеткізді. Франция президенті Эммануэль Макрон және Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.