«Гренландия сатылмайды!»: Трамптың жоспарына қарсы жаппай наразылық басталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Мыңдаған адам көшеге шықты

Фото: bbc.com

Гренландия мен Данияда АҚШ президенті Дональд Трамптың аралды басып алу немесе сатып алу туралы мәлімдемелеріне қарсы мыңдаған адам көшеге шықты. Халықаралық қауымдастықты дүр сілкіндірген бұл оқиға еуропалық елдер мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіріп жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Копенгаген мен Нуук көшелеріндегі ереуіл

Наразылық акциялары Данияның астанасы Копенгагенде және Гренландияның бас қаласы Нуукта өтті. Мыңдаған адам «Гренландиядан қолыңды тарт!», «Янки, үйіңе қайт!» және «Гренландия сатылмайды» деген ұрандармен шеруге шықты.

Гренландиялық қауымдастықтарды біріктіретін Inuit ұйымының басшысы Камилла Сизингтің айтуынша, бұл — халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына жасалған шабуыл.

«Біз Дания корольдігіне құрмет көрсетуді және Гренландияның өзін-өзі билеу құқығын сақтауды талап етеміз», — деді ол өз мәлімдемесінде.

Еуропаға 25% баж салығы салынуы мүмкін

Дональд Трамп Гренландияны АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін «өте маңызды» нысан деп санайды. Өз жоспарына қолдау таппаған соң, ол еуропалық серіктестеріне экономикалық қысым көрсетуге көшті.

1 ақпаннан бастап: Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланды және Финляндия тауарларына 10 пайыздық баж салығы енгізіледі.

1 маусымнан бастап: Егер Гренландияны сатып алу туралы келісімге қол жетпесе, бұл тарифтер 25 пайызға дейін көтерілуі мүмкін.