Зеленский әлем көшбасшыларын Ирандағы жағдайға араласуға шақырды
Ол X әлеуметтік желісіндегі жазба қалдырды
Украина президенті Владимир Зеленский әлем елдерінің басшыларын Ирандағы жағдайға назар аударып, ел халқын аятоллалар режимінен азат етуге көмектесуге үндеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Владимир Зеленскийдің айтуынша, қазіргі таңда Иранда болып жатқан жаппай наразылықтар Ресей үшін де оң нәтижеге әкелмейді.
«Қазір Иранда болып жатқан жағдай ауқымды наразылықтар, шын мәнінде көтеріліс», - деп жазды Украина президенті.
Зеленскийдің пікірінше, жер бетіндегі әрбір әділетті адам Иран халқының ұзақ жылдар бойы Украинаға және өзге мемлекеттерге зиян келтірген режимнен құтылғанын қалайды.
Ол мүмкін болатын өзгерістер сәтін жіберіп алмау аса маңызды екенін атап өтіп, халықаралық қауымдастықты белсенді әрекет етуге шақырды.
«Әлем бұл мүмкіндікті жіберіп алмауы керек. Әрбір көшбасшы, әрбір ел және халықаралық ұйымдар қазіргі таңда араласып, Иранды осындай күйге түсіргендерден халықты азат етуге көмектесуі тиіс. Барлығы өзгеруі мүмкін», - деп түйіндеді Зеленский.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Иранда жаппай антиүкіметтік наразылықтар басталып, кейінірек демонстранттар мен күштік құрылымдар арасында қақтығыстарға ұласты. Алғашқы шерулер 28 желтоқсанда өтті. Наразылықтарға ұлттық валютаның күрт құнсыздануы, соның салдарынан бизнестің зардап шегуі себеп болған. Бұл жағдай Тегеранның орталық базарындағы саудагерлердің көшеге шығуына түрткі болды.Қазіргі мәліметтерге сәйкес, Ирандағы жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 500-ден астам адам қаза тапқан.Сондай-ақ наразылықтар барысында 10 мыңнан астам адам ұсталғаны хабарланды.