Билік өкілдері ауруханалардағы мәйіттерді белгісіз бағытқа алып кеткен
Иран астанасы Тегеранда жалғасып жатқан жаппай наразылық шаралары кезінде мерт болғандар саны күрт өсті. Соңғы мәліметтер бойынша, құрбандардың басым бөлігі — жастар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
Time журналына Тегерандағы медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейтін дәрігер сұмдық деректерді жария етті. Оның айтуынша, тек қаланың алты ауруханасында 217 мәйіт тіркелген.
Наразылыққа шыққандардың көбі оқ тиіп көз жұмған.
Дереккөздің хабарлауынша, 9 қаңтарда билік өкілдері ауруханалардағы мәйіттерді белгісіз бағытқа алып кеткен.
Алайда, Иранның HRANA құқық қорғау ұйымы өзгеше статистика ұсынып отыр. Олардың мәліметінше, соңғы 13 күнде 65 адам қаза тапқан (тек аты-жөні толық анықталғандар есепке алынған). Олардың ішінде 50 ереуілші мен 14 күш құрылымының қызметкері бар.
Ирандағы толқулар 28 желтоқсанда Тегеранның бас базарында басталды. Бастапқыда дүкен иелері мен студенттер келесі мәселелерге байланысты көшеге шықты:
1. Ұлттық валюта бағамының күрт құлдырауы;
2. Азық-түлік пен тауар бағасының шарықтап өсуі.
Тәртіпсіздіктер басталған соң көп ұзамай Иран Орталық банкінің басшысы Мохаммад Фарзинқызметінен кетті. Қазіргі уақытта демонстрациялар елдің басқа да ірі қалаларын шарпып жатыр.
Тегеран мэрі Әлиреза Заканидің айтуынша, наразылық білдірушілер астанадағы 26 банк пен 25 мешітті қиратқан. Ал Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи бұл оқиғаларға қатысты қатал мәлімдеме жасады.
«Наразылыққа шыққандар АҚШ президенті Дональд Трамптың көңілінен шығуға тырысып жатыр. Оның қолы ирандықтардың қанына малынған», — деді Хаменеи өз үндеуінде.
Қазіргі уақытта Ирандағы жағдай әлі де тұрақсыз. Халықаралық қауымдастық Тегерандағы оқиғалардың барысын жіті бақылап отыр.