Ирандағы наразылықтар 11 күннен асты: 2200 адам ұсталған
АҚШ оқиға шиеленіссе, араласуға дайын отыр
Иранда басталған наразылықтар 11-ші күнге созылды. Елдің бірнеше аумағында қауіпсіздік күштері мен халық өкілдері қақтығысқа түсіп, адам өлімі тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Fars ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған ВВС агенттігі Лордеган қаласында екі полиция қызметкерінің қаза тапқанын жазды. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда наразылық білдірушілер мен күштік құрылымдардың қақтығысқаны көрінеді, кейбір жерлерде оқ дауыстары естіледі.
АҚШ-тағы Human Rights Activist News Agency (HRANA) мәліметіне сәйкес, наразылықтар Иранның 111 қаласы мен елді мекенінде болып жатыр. Оқиға барысында кем дегенде 34 тұрғын мен төрт полиция қызметкері көз жұмған, 2200 адам ұсталған. ВВС-дің Парсы қызметі 21 адамның өлімі расталғанын хабарлады. Иран билігі 5 қызметкердің ажал құшқанын растаған.
Наразылықтар 28 желтоқсанда Тегерандағы дүкен иелерінің риал құнының күрт төмендеуіне қарсы шыққанынан басталған. Соңғы бір жылда риал құны рекордтық деңгейде құлдырады, инфляция 40%-ға жетті. Санкциялар мен үкіметтің тиімсіз басқаруы экономикаға ауыр салмақ түсірді. Наразылыққа университет студенттері де қосылған. Жиналғандар көбіне елдің рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменейге қарсы ұрандар айтып, кейде шетелде тұрып жатқан бұрынғы шахтың ұлы Реза Пехлевиге қолдау көрсеткен.
Мемлекеттік БАҚ мәліметінше, үкімет 71 миллион азаматқа ай сайын 7 доллар көлемінде жәрдемақы төлеуді бастады. Аятолла Хаменеи билікке «наразылық білдірушілермен диалог жүргізу» керек екенін, бірақ «көтерілісшілерді орнына қою» керек екенін ескерткен.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп қауіпсіздік күштері бейбіт демонстранттарды өлтірсе, бұған Вашингтонның араласуға дайын екенін мәлімдеді.