АҚШ президенті бұл туралы Truth Social платформасында жазды
АҚШ президенті Дональд Трамп үкіметке қарсы наразылық тұсында Иран билігіне қарсы қатаң мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
Трамптың Truth Social әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесі
Ол Truth Social платформасындағы жазбасында Иран билігі шеру қатысушыларына күш қолданатын болса, АҚШ бейбіт шерушілерді қолдауға дайын екенін ескертті.
Сондай-ақ, Трамп наразылық білдірушілерді ату мен өлтіру орын алса, бұл араласуға негіз болатын оқиға екенін жеткізді. Ол Америка Құрама Штаттарының «жауынгерлік толық дайындықта» екенін мәлімдеді.
Ирандағы жаппай наразылықтың бесінші күні
Иранның бірнеше қаласында үкіметке қарсы шерулер бес күннен бері жалғасуда. Бақылаушылар бұл елдегі 2022 жылдан бергі ең ірі наразылық акциялары деп есептейді.
Наразылықтың себебі экономикалық жағдай, бағаның өсуі, саяси шектеулерге байланысты. Шерушілер басқару жүйесін өзгертуді және үкіметтің жауапкершілігін арттыруды талап етуде.
Қақтығыс кезінде қайтыс болғандар бар
Соңғы мәліметтерге сәйкес, наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыс салдарынан кемінде алты адам қаза тапты. Зардап шеккендердің саны нақтылануда.