Полицияның мәліметінше шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 27-29 адам жарақат алған
Австралияның Сидней қаласында қара киім киген екі адам жаяу жүргіншілер көпірінен автокөліктерге қарай оқ жаудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ABC басылымына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 27-29 адам жарақат алған, олардың арасында екі полиция қызметкері мен бір бала бар. Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьері Крис Миннс қаза тапқандар саны артуы мүмкін екенін айтып, тергеу «ауқымды әрі күрделі» болатынын мәлімдеді.
Қанды оқиға 14 желтоқсанда Бонди-Бич жағажайында еврейлердің діни мерекесі – Хануканы атап өту кезінде болды. Штат билігі бұл оқиғаны террористік акт ретінде бағалады.
Шабуыл жергілікті уақыт бойынша шамамен кешкі 18:40-та басталып, он минутқа дейін созылған. Куәгерлер 50 рет оқ атылғанын естіген. Олардың көбі бастапқыда атысты отшашумен шатастырыпты.
Полиция қаскөйлердің бірін оқиға орнында атып өлтірді, екіншісі ауыр жарақат алып, ұсталды, қазір ол аса ауыр жағдайда жатыр, деп жазды Sky News Australia.
Күдіктілердің бірінің кім екені анықталды — ол Навид Акрам. Қазіргі уақытта оның үйінде тінту жүргізіліп жатыр. News.com.au дерегінше шабуыл бірнеше ай бойы дайындалған болуы мүмкін.
Әлеуметтік желіде сол маңнан өтіп бара жатқан адамның шабуылдаушылардың бірінің қаруын тартып алған сәті түсірілген видео тарады.