Ұйқы режимін бұзбау тұрақты жаттығу жасау немесе тағамдағы тұзды азайтумен бірдей пайда келтіреді
Орегон еңбек гигиенасы институтының мамандары ұйқыға жататын уақытты тұрақты сақтау артериялық қысымды төмендетуге көмектесетінін анықтады. Зерттеу кезінде адам гипертонияға қарсы дәрі ішпесе де осындай оң өзгеріс байқалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зерттеуге қан қысымы жоғары 11 ересек адам қатысты. Бір апта бақылаудан кейін ғалымдар еріктілерден белгілі бір ұйқы уақытын таңдап, оны екі апта бойы қатаң сақтауды және күндізгі ұйқыдан бас тартуды сұрады, деп жазды SLEEP Advances журналы.
Ұйықтауға кететін уақыттың ауытқуы 30 минуттан 7 минутқа дейін қысқарды. Бұл тәуліктік орташа қан қысымының систоликалық көрсеткішін 4 миллиметр сынап бағанасына, диастоликалық көрсеткішін 3 миллиметр сынап бағанасына төмендетті (классикалық норма – 120/80 миллиметр сынап бағанасы).
«Бұл сандар аз сияқты көрінуі мүмкін, бірақ түнгі артериялық қысымның 5 миллиметр сынап бағанасына төмендеуі жүрек-қан тамыр ауруларының даму қаупін 10%-дан аса азайтуы мүмкін», – дейді зерттеу авторы Саурабх Тосар.
Ғалымдардың айтуынша, тұрақты ұйқы режимінің пайдасы тұрақты жаттығу жасау немесе тағамдағы тұзды азайтумен бірдей. Қан қысымына қарсы дәрі қабылдайтын адамдарда да көрсеткіш жақсарды. Олар бұл өзгерісті ағзаның табиғи тәуліктік ырғағының қалпына келуімен байланыстырды.