Бір көрген жігітке 159 мың рет SMS жазған әйел сотталатын болды
Ол ер адамды қорқытқан
Финикс қаласында тұратын әйел тұрғыны танысу сайты арқылы танысқан ер адамға 159 мыңнан астам хабарлама жібергені үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Arizona Republic басылымының жазуынша, Жаклин Адес бір-ақ рет кездесуге барған ер адамға 10 айдың ішінде қорқыту сипатындағы ондаған мың SMS жолдаған.
Жігіттің айтуынша, ол 2017 жылдың шілдесінде Адесті өз үйінің жанында көлігін қойып тұрған жерінен көріп, полицияға хабар берген. Парадайз-Вэлли аймақтық полициясы әйелді үй аумағынан шығарып жіберген. Сол оқиғадан кейін Адес ер адамға қорқытып, хабарламалар жібере бастаған.
Полиция мәліметінше, жіберілген хаттың бірінде әйел: «Бүйрегіңнен суши, саусақтарыңнан таяқша жасар едім», «қол-аяғыңды, басыңның жартысын әшекей етіп тағып жүрер едім», - деп жазған.
Ол тергеушілерге осылай әзілдегенін айтқан. Адес жігітпен қарым-қатынас орната алмағанына өкініш білдірген.
2018 жылдың сәуірінде Адес ер адамның үйінде жоғын пайдаланып, оның баспанасына барып кіріп, ваннасына түскен. Содан кейін оны тағы да полиция ұстады. Қызметкерлер оның көлігін тексергенде, үлкен үй пышағын тауып алған. Жаклин Адес жігіттің жұмысына барып, оның әйелі ретінде әріптестерімен танысқаны да анықталды. Оған «қудалау» және «тұрғын үйге заңсыз кіру» айыптары тағылды, сот процесі 5 ақпанға белгіленген.