АҚШ-қа визасыз кіре алатын адамдардың әлеуметтік желідегі парақшалары тексеріледі

Автор: Темірхан Айжан

Жаңа талап 60 күн талқыланды

Фото: ЖИ

АҚШ визасыз кіре алатын 40 елдің азаматтарынан соңғы бес жылдағы әлеуметтік желідегі аккаунттарын көрсету талап етілуі мүмкін. Бұл туралы  АҚШ Шекаралық-қорғау қызметі (CBP) жариялаған құжат жобасында жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС жазғандай, аталған талап ESTA арқылы АҚШ-қа кіретін азаматтарға қатысты болады. Бұл тізімге Еуропаның көптеген елдері, соның ішінде Ұлыбритания, сондай-ақ Австралия, Жапония, Жаңа Зеландия, Сингапур, Катар және Оңтүстік Корея кіреді. ESTA рұқсаты екі жылға жарамды, бір рет сапарлағанда 90 күнге дейін АҚШ-та болуға мүмкіндік береді.

Құжатта шетелдіктерден соңғы бес жылдағы әлеуметтік желі жазбаларын көрсету, телефон нөмірлерін, соңғы он жылдағы электрондық пошта адрестерін және туыстары туралы қосымша ақпарат беру сұралады. Қазір ESTA ережесі бойынша азаматтар тек сауалнама толтырып, 40 доллар төлейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті студенттік визалар мен H1B визаларына өтініш берушілердің әлеуметтік желідегі жазбаларын тексеретінін хабарлаған. Шенеуніктер жазбаларда террористік немесе антисемиттік белгілер бар-жоғын анықтайды.

Дональд Трамп әкімшілігі Африка, Таяу Шығыс және Кариб бассейніндегі 19 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салғанын және бұл тізімді жақын уақытта 30 елге дейін кеңейтуді жоспарлап отырғанын атап өткен.