Бір күдікті 12 мың доллар заңсыз табыс тапқан
Оңтүстік Корея полициясы жеке үйлер мен кеңселердегі 120 мыңнан астам бақылау камерасын бұзып, алынған жазбаларды шетелдік сайтқа сексуалды сипаттағы контент жасау үшін пайдаланған төрт күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС мәліметінше, күдіктілер камералардың қарапайым құпия сөздерін оңай бұзған. Хакерлер жеке үйлерден бөлек, караоке бөлмелеріндегі, пилатес студиясындағы және гинекологиялық клиникадағы камера жазбаларын алған.
Төрт адам бірі-бірін танымаған, олардың әрқайсысы жеке басы әрекет жасаған болып шықты. Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілердің бірі 63 мың камераны бұзып, 545 интимдік видео жасап, оларды 35 млн вонға сатқан. Екінші күдікті 70 мың камераны бұзып, 648 видео таратқан.
Екі күдікті былтыр заңсыз түсірілген барлық видеоконтенттің 62 пайызын жасаған. Полиция қазіргі уақытта аталған сайтты бұғаттау және жабу үшін шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар заңсыз контентті сатып алған және көрген үш адам ұсталған.
Оңтүстік Корея полициясы мұндай әрекеттерді «жәбірленушілерге зор зиян келтіретін ауыр қылмыс» деп атап, киберқылмыстарға қарсы кең көлемді тергеу жалғасатынын мәлімдеді. Құқық қорғаушылар зардап шеккен 58 мекенжайға барып, оларға камералардың бұзылғаны туралы хабарлап, қауіпсіздік шараларын түсіндірген.