Ол 111 беттік кешірім құжатын әзірлеген
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху президент Ицхак Герцогтен өзін кешіруді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Ол алаяқтық, сенімді теріс пайдалану және пара алу айыптарымен тергеліп жатыр.
Өтініш екі құжаттан тұрады. Нетаньяхудың жеке хаты және оның адвокаты 111 беттік негіздеме дайындаған.
Премьер-министр видеоүндеуінде өзіне қатысты сот ісі қоғамда үлкен алауыздық тудырғанын айтты. Оның сөзінше, апта сайын үш рет сотқа бару ел басқаруына кедергі болып жатыр. Президент кешірім беретін болса, елдегі жағдай тұрақтанады деп есептейді ол.
Бұған қоса, қараша айының басында АҚШ президенті Дональд Трамп та Ицхак Герцогке хат жазып, Нетаньяхуды толықтай кешіруге шақырған. Трамп оның Израиль қауіпсіздігі үшін «батыл әрекет еткенін» атап өткен.
Израиль заңдары бойынша президент сотталған адамдарды кешіре алады, ал ерекше жағдайларда тіпті сотталмаған адамдарға да бұл құқық қолданылуы мүмкін. Президент кеңсесі Нетаньяхудың өтінішін «аса маңызды әрі ерекше сұрау» деп атап, барлық қажетті сараптама дайын болғаннан кейін ғана шешім қабылданатынын хабарлады. Шешімнің қашан шығатыны әзірге белгісіз.
Биньямин Нетаньяху Израиль тарихында қызметтегі премьер-министр ретінде сотқа тартылған жалғыз адам. Тергеу мәліметінше, Нетаньяху ықпалды қолдаушыларымен өзара тиімді келісімдер жасаған болуы мүмкін.