Қаланың құқық қорғау органдары жастармен толықтырылып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы жолдауында қоғамда заң мен тәртіптің сақталуын баса айтқан болатын. Президенттің тапсырмасын барлық өңір бірдей жүзеге асыруы тиіс. Azattyq Rýhy тілшісі осыған орай, Петропавл қаласында құқық қорғау саласында қандай жұмыс атқарылып жатқанына тоқталып өтті.
«Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді», - деді Тоқаев өз жолдауында.
Президенттің айтуынша, азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шаралар қолға алынды.
«Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз. Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық», - деген еді ол.
Петропавл қаласының құқық қорғау органдарындағы қызметте заң мен тәртіпті қамтамасыз етуде жастарға басымдық берілген. Мәселен, Петропавл қаласының тұрғындары, егіз бауырлар Захар мен Назар Коваленко ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдаған.
Мектеп кезінен құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан егіздер бала жастан әділеттілік үшін күресуді мақсат етіп, полиция мамандығын таңдаған.
Спорттық жетістіктерге де қол жеткізген олар оқушы кезден тәртіп пен төзімділікті серік етіп, армандарын жүзеге асырған.
Академияны үздік тәмамдаған ағайындылар маусымнан бастап Петропавл қалалық полиция басқармасының бөлімшелерінде криминалист қызметіне кірісті.
Қызметтің алғашқы күнінен бастап олар қылмыс орындарын тексеру, жауап алу, тінту және басқа да тергеу іс-шараларына белсене араласып жүр.
«Біз азаматтардың игілігі үшін жұмыс істегенімізге және оны бірге атқарып жүргенімізге қуаныштымыз. Біз үшін «Күш – бірлікте» деген сөздің мағынасы терең. Заңды барша азамат сақтаса, еліміз одан әрі нығая түседі. Алқа отырысына қатысу – біз үшін үлкен мәртебе», – деді Назар Коваленко.
Петропавл қаласының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамьтамасыз етуге егіздерден басқа да жас қызметкерлер кірісті.
Жастарға ерекше көңіл бөлетін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде алғашқы погон табыстау рәсімі де өткен. Учаскелік инспекторлар қызметі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі және қаржымен қамтамасыз ету басқармасынан үш жас қызметкерге полиция лейтенанты шені берілді.
Бұдан бөлек, тоғыз қызметкерге полиция капитаны кезекті арнаулы шені берілді. СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы құрамындағы бөлім бастығы, ЖҚАЖ және Петропавл қаласы полиция басқармасының бірінші полиция бөлімінің кезекші бөлімінің аға инспекторлары полиция майоры шеніне ие болды.
Полиция подполковнигі кезекті арнаулы шені есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Үмбетовке берілді.
Оған қоса қалада азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Челлендж аясында полицейлер халықты құжаттандыру бойынша атқаратын жұмыстың барлық қыр-сырын көрсетті.
СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов 16 жасқа толған солтүстікқазақстандық жасөспірімдерге жеке куәліктерін табыстады.
Ол жастарды «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында белсенді өмірлік ұстанымды ұстануға шақырды. Осындай іс- шаралар аудандарда да өткізілді. Оған жергілікті атқарушы органдар, түрлі мемлекеттік құрылымдар мен жастар ұйымдары қатысты.
Сондай-ақ құжатын онлайн-форматта рәсімдеген Петропавл қаласының тұрғыны жеке куәлігін генерал-майор Айдын Қабдұлдиновтың қолынан алды.
Бұл қызмет E-gov порталының «Жеке кабинетінде» қолжетімді және ұялы телефоны бар кез келген ҚР азаматына қолжетімді.
Мүгедектігі бар азаматтарға жеке куәлік үйлеріне барып ресімделеді. Ол үшін 1414 бірыңғай call-орталығына хабарласу қажет.
Челлендж аясында полицейлер 91 жастағы зейнеткерге жеке куәлік табыстау сәтін БАҚ-та жариялады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары №2 түзеу мектебіне барып, 16 жасқа толған тәрбиеленушілерге де құжаттарын табыстады.
Жыл басынан бері СҚО полицейлері жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 27 адамды анықтап, құжаттандырды.
Осы жұмыстардың бірі БАҚ-та кеңінен жарияланды: СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ермек Нұсырбаев әлеуметтік бейімдеу орталығында тұратын 46 жастағы петропавлдыққа өміріндегі алғашқы жеке құжатын табыстады.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындарының қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етіп жүр. Мәселен, Петропавл қаласының 20 жастағы тұрғыны Қарғалы аралындағы демалыс базасы маңында адасып қалған. Кейін ол жүкті құрбысына шақырылған жедел жәрдем көлігін күтіп алуға шыққанын, қатты уайымдап, қобалжығаннан жолынан жаңылып қалғанын айтып түсіндірді. Адасып кеткенін түсінген соң, полицияға қоңырау шалған.
Қоңырауды Қызылжар ауданы полиция бөлімінің кезекші қызметкері қабылдады. Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының жақын маңда жүрген экипаждары бірден бойжеткен болуы мүмкін деген бағытқа қарай бағдарланды.
Орман алқабы мен Пестрое көлі жағалауын тексеру барысында полиция аға лейтенанты Бейбіт Кереев пен полиция лейтенанты Анатолий Божко көмек сұраған айқай естиді. Киімі малмандай су, тоңған қыз аралда қалып қойған. Бейбіт Кереев суға түсіп, өткел тауып, қызды қауіпсіз жерге алып шықты.
Құқық қорғау органдары азаматтарды табиғат аясында қауіпсіздік шараларын сақтауға, ұялы телефондарын өздерімен бірге алып жүруге шақырады.
Тәртіп сақшылары мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы Петропавлда заң мен тәртіп қағидасы жүзеге асырылып жатқанының көрінісі болса керек.