Күдікті пәтер жалдау, торт сату және несие қарызын жоюды сылтау етіп, азаматтардың ақшасын иемденген
Орал қаласында интернет арқылы жалған хабарландыру жариялап, телефонмен хабарласу арқылы азаматтардың ақшасын иемденді деген күдікпен 41 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайтының мәліметінше, күдікті интернетте түрлі хабарландырулар жариялап, азаматтарды алдаған.
«Атап айтқанда, ол бір азаматқа пәтерді жалға беруді, ал екінші бір әйелге десерттер мен торттар сатуды ұсынған. Алдын ала төлемді алғаннан кейін ер адам уәде еткен пәтерді бермеген және тапсырысқа сай кондитерлік өнімдерді жеткізбеген», – деп жазылған полиция хабарламасында.
Бұдан бөлек, күдікті азаматтарға телефон арқылы хабарласып, бірде «Электрондық үкімет» порталының қызметкері, енді бірде банк өкілі ретінде таныстырған.
Ол несие күшін жоюға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілгенін айтып, мәселені шешуге көмектесуге уәде берген. Осы сылтаумен азаматтардың ақшасын иемденген.
Қазір аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырды. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілердегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және бөгде тұлғаларға жеке деректерді, банк картасының мәліметтері мен SMS-кодтарды бермеуге кеңес береді.