Бұған дейінгі ескертулерге қарамастан, ер адам бұрынғы жұбайына түрлі нөмірден 30 ретке дейін хабарласып, қоңырау шалған
Павлодар облысында бұрынғы әйелімен ажырасуды қабылдай алмаған ер адам оны қайта-қайта мазалап, аңдыған. Сот оның әрекетін сталкинг деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл қаңтарда ерлі-зайыптының некесі бұзылған. Алайда ер адам қарым-қатынасты қайта қалпына келтіруге тырысып, бұрынғы әйеліне түрлі нөмірден қоңырау шалып, хабарлама жазған және өзін әдепсіз ұстаған.
Сәуір айында ол бұрынғы жұбайының жұмыс орнына барып, тағы бір мүмкіндік беруін сұраған. Әйел бас тартқан соң, жанжал шығарған. Осыдан кейін ер адамға қорғау нұсқамасы шығарылған. Алайда бұл оны тоқтатпаған.
«Нұсқаманы бұзғаны үшін ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Кейін жағдай тағы қайталанып, кезекті құқық бұзушылығы үшін оған 20 тәулік әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды. Бірнеше рет ескерту жасалып, қорғау нұсқамасы шығарылғанына қарамастан, ол бұрынғы жұбайымен байланыс орнатуға тырысуын жалғастырды. Түрлі абоненттік нөмірлерді пайдаланып, оған 30 ретке дейін қоңырау шалып, хабарлама жіберген», – деп мәлімдеді полиция.
Кейін ер адамның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы – «Сталкинг» бойынша сараланды. Сот шешімімен оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.
ІІМ Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылы енгізілгенін еске салды. Сталкинг дегеніміз – адамның еркінен тыс онымен байланыс орнату немесе соңынан аңду арқылы заңсыз қудалау.
Аталған бап бойынша 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.