«Заң мен тәртіп»: қоғам белсенділері Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұстанымын қолдады

Автор: Дәулет Ботагөз

Әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларда азаматтар заң алдындағы теңдік мәселесіне назар аударған

Фото: © istockphoto.com

Еліміздің өңірлеріндегі тұрғындар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру жөніндегі ұстанымын қолдайды. Әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларда азаматтар заң алдындағы теңдік, мемлекеттік қаражаттың ашық жұмсалуы және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мәселелеріне назар аударған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласының тұрғыны Алмасбек Мамытбеков сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізгі шарты заң алдындағы теңдік екенін атап өтті. Оның пікірінше, адамның лауазымы, бұрынғы еңбегі немесе қоғамдағы беделі заң бұзған жағдайда жауапкершіліктен босатуға негіз болмауы керек.

«Әділ қоғамда адамның кім екеніне емес, қандай әрекет жасағанына баға берілуі керек. Заң бұзған адам лауазымына қарамастан, өз ісіне жауап беруі тиіс. Сонда ғана халықтың әділдікке деген сенімі артады», – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде ашықтық пен адалдықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Әсіресе, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалып, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы маңызды екенін жеткізді.

Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Әбдіғаппаровна да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін айтады. Оның сөзінше, мемлекеттік қызмет жеке басының пайдасын көздейтін мүмкіндік емес, халыққа қызмет етудің үлкен аманаты болуы керек.

«Мемлекеттік қызмет – жеке басының пайдасын көздейтін мүмкіндік емес, халыққа қызмет етудің үлкен аманаты. Сондықтан бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану, мемлекеттік мүлікке қол сұғу немесе қызметтік өкілеттігін жеке мүддесіне қолдану мемлекеттің дамуына ғана емес, азаматтардың билікке деген сеніміне де кері әсер етеді», – деп жазды ол.

Ал Түркістан облысының тағы бір тұрғыны, спорт саласының өкілі Сәкен Байбосынов президент көтерген заң мен тәртіп қағидатының спорттағы маңызына тоқталды. Оның пікірінше, спорттағы адал бәсеке мен тәртіп – әділ қоғам құндылықтарымен тікелей байланысты.

«Спортта жеңіске жету үшін тек физикалық дайындық пен кәсіби шеберлік жеткіліксіз. Спортшыдан тәртіп, табандылық, әділ бәсеке және қарсыласқа деген құрмет талап етіледі. Жарыс барысында ережені бұзып, әділетсіз жолмен жеңіске жету спорттың басты қағидаттарына қайшы келеді. Өйткені нағыз жеңіс – маңдай термен келген нәтиже», – деп жазды Сәкен Байбосынов.

Ол спорт нысандарын салуға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, мемлекеттік қолдаудың әділ бөлінуі және спортшыларға тең мүмкіндік берілуі саланың дамуына ықпал ететін маңызды мәселелер екенін де атап өтті.

Үш азаматта сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті, мемлекеттік қаражаттың ашықтығын және адал еңбекті әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарттары ретінде атап өткен.