21 қарашадан бастап сабақтан жүйелі түрде себепсіз қалатын оқушылардың дерегі полициямен келісіледі. Буллинг туралы ақпарат бір жұмыс күні ішінде тіркелуге тиіс
Қазақстанда 21 қарашадан бастап балаларды есепке алу және мектептегі буллингтің алдын алу тәртібі өзгереді. Енді 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар туралы мәліметтер бірыңғай базаға жинақталады. Ал сабақтан жүйелі түрде себепсіз қалатын оқушылар жөніндегі ақпарат полициямен келісіліп, ай сайын жаңартылып отырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қаласының Білім басқармасына сілтеме жасап.
Жаңа тәртіпке сәйкес, жергілікті білім басқармалары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды бірыңғай есепке алады. Деректер Ұлттық білім беру базасы негізінде қалыптастырылады. Оған баланың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні мен тұрғылықты мекенжайы енгізіледі.
Бірыңғай базаға балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледж студенттері, біліммен қамтылмаған және денсаулығына байланысты оқуға жатпайтын балалар туралы мәліметтер кіреді. Сондай-ақ сабақтан дәлелді себепсіз жүйелі түрде қалатын оқушылар да есепке алынады.
Сабаққа тұрақты түрде қатыспайтын балалар туралы мәліметтер ай сайын ішкі істер органдарымен келісіледі. Ақпарат Ұлттық білім беру базасына әр айдың 10-на дейін енгізілуі керек.
Буллинг туралы хабарлама бір жұмыс күнінде тіркеледі
Жаңа өзгерістер мектептегі әлімжеттіктің алдын алу тәртібіне де қатысты. Енді білім саласындағы жергілікті атқарушы органға буллинг туралы ақпарат түскеннен кейін оны бір жұмыс күні ішінде тіркеу міндеттеледі.
Мектептер буллингке қатысқан балаларға психологиялық қолдау көрсетуі керек. Ол үшін жәбірленген баланы әлеуметтік оңалту және әлімжеттік жасаған баланы әлеуметтік бейімдеу бойынша жеке жұмыс жоспары әзірленеді.
Егер мектепішілік есепке қойылған баланың мінез-құлқында алты ай ішінде оң өзгеріс болмаса, тиісті материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі.
Жыл басынан бері 355 буллинг дерегі анықталған
ҚР ІІМ Ювеналды полициясының мәліметінше, жыл басынан бері елде буллингке қатысты 355 дерек анықталған. Осы фактілер бойынша ата-аналар жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылыққа жол берген мектеп қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексерулер жүргізіледі.
Жаңартылған қағидалар 2026 жылғы 21 қарашадан бастап күшіне енеді.