Бұрынғы күйеуі кеңсе пышағымен шабуыл жасап, әйелдің құлағының бір бөлігін кесіп алған. Сот оған 4,5 жыл жаза тағайындағанымен, жәбірленуші бұл шешімге шағымданбақ
Шығыс Қазақстан облысында бұрынғы әйеліне шабуыл жасап, оның құлағының бір бөлігін кесіп алған ер адамға сот үкімі шықты. Алайда жәбірленуші сот шешімімен келіспейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «31 арна»-ға сілтеме жасап.
40 жастағы әйелдің телеарнаға айтуынша, оқиға шілде айының соңында болған. Бұрынғы күйеуі өзі жұмыс істейтін дүкенге келіп, оған кеңсе пышағымен бірнеше рет соққы жасаған. Салдарынан әйел құлағының бір бөлігінен айырылған.
Жәбірленушінің сөзінше, шабуылдың зардабы әлі де сезіледі. Есту қабілеті нашарлап, қатты шу құлағын ауыртып, жайсыздық тудырады. Алда тағы да медициналық тексерулер мен ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр. Бұған қоса, ол әлі күнге дейін ауыр психологиялық жарақаттың салдарымен күресіп келеді.
«Әлі толық қалпыма келген жоқпын. Қатты шу болса, құлағыма әсер етіп, жыбырлай бастайды. Бір құлағымның есту қабілеті екінші дәрежеде, екіншісінікі бірінші дәрежеде төмендеген», – дейді Самарское ауылының тұрғыны Мәдина Нұрғалиева.
6 қарашада сот оның бұрынғы күйеуін төрт жыл алты айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Сонымен қатар сотталушы жәбірленушіге моральдық зиян ретінде 500 мың теңге төлеуге міндеттелген.
Алайда мұндай шешім әйелді есеңгіреткен. Оның айтуынша, белгіленген өтемақы емделуге кеткен шығынды да жаппайды. Сондай-ақ ол бұрынғы күйеуінің әрекеті неғұрлым ауыр бап бойынша саралануы керек деп есептейді. Әйел сот отырысы кезінде де экс-жұбайы өзіне қоқан-лоқы көрсеткенін айтады.
Құқық қорғаушы Гүлнар Омарованың пікірінше, мұндай жағдайларда агрессорды жазалаумен қатар, жәбірленушіні оңалтуға да баса назар аудару қажет. Оның айтуынша, өтемақы көлемін белгілеу кезінде емделуге, пластикалық операцияларға және психологиялық оңалтуға жұмсалатын шығындар ескерілуі тиіс. Бұдан бөлек, сотталған адам бостандыққа шыққаннан кейін де жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.
«Ол жазасын өтеп шыққаннан кейін де керісінше қатігезденіп, одан сайын агрессивті болуы мүмкін. Әйелді тыныштықта қалдырмауы да ықтимал. Сондықтан жәбірленуші әйелдің қауіпсіздігін бақылау тиісті деңгейде болуы өте маңызды», – деді Гүлнар Омарова.
Сарапшылар әйелдерді қорғау тетіктерін, соның ішінде қауіп-қатерге жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды күшейту қажет деп санайды. Өйткені отбасындағы зорлық-зомбылықтың кез келген жағдайы сотқа дейін жете бермейді.
Ал Мәдина Нұрғалиева сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, бұрынғы күйеуіне қатаң жаза тағайындалуына қол жеткізуді көздеп отыр.