Теміртауда зейнеткерді ұрып-соққан жасөспірімдер ісі: сот жаңа шешім шығарды

Автор: Алмас Ерсін

Зейнеткерді ұрып-соғу ісі бойынша сотталған тоғыз жасөспірімнің бірінің жазасы апелляциялық сот шешімімен бір жылға ұзартылды

Фото: istockphoto.com

Теміртауда зейнеткерді қорлап, ұрып-соққан жасөспірімдердің бірінің жазасы ұзартылды. Қарағанды облысында апелляциялық сот оның бас бостандығынан айыру мерзімін бес жылдан алты жылға дейін арттырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «31 арнаға» сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, резонанс тудырған іске қатысы бар жасөспірімдер жазаны жеңілдетуге үміттенген. Алайда сот олардың өтінішін қанағаттандырмады.

Іс материалдарына сәйкес, бір топ жасөспірім алдау арқылы зейнеткердің пәтеріне кірген. Олар қарт адамды қорлап, ұрып-соғып, болған жайтты видеоға түсірген. Тергеу барысында шабуыл жасағандардың бірі бұған дейін тағы бір адамды ұрып-соғып, тонағаны анықталған.

Жалпы, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот тоғыз адамды соттаған. Олардың жетеуі қылмыс жасаған кезде 15–16 жаста болған. Барлығына бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Үкімге прокурор мен сотталғандар апелляциялық шағым түсірген. Нәтижесінде сот олардың біріне бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жаза бөлігін ішінара қосқан. Осылайша, ол бес жылдың орнына алты жыл түрмеде отырады.

«Қалған бөлігінде сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты ішінара қанағаттандырылды, ал сотталғандар мен олардың қорғаушыларының шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді», – деді Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші судьясы Дана Сәрсекеева.