Шатыры әйелдің үстіне құлаған: «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» оған зейнетке шыққанша өтемақы төлейді

Автор: Алмас Ерсін

Үстіне шатыр құлағаннан I топтағы мүгедек болып қалған әйелге екі компания зейнет жасына дейін ай сайын 177 мың теңге өтемақы төлейді.

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында ғимараттың шатыры құлап, ауыр жарақат алған әйелдің пайдасына сот тағы да шешім шығарды. I топ мүгедектігіне шалдыққан әйел емделуге кеткен қосымша шығындары мен жоғалтқан табысы үшін өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 2023 жылдың мамырында Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында болған. Қатты желдің салдарынан «Қазпошта» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі ғимараттың шатыры ұшып, әйелдің үстіне құлаған. Салдарынан ол ауыр дене жарақатын алып, I топ мүгедегі атанды.

2024 жылдың қазанында Жамбыл аудандық соты «Қазпошта» АҚ-дан зардап шеккен әйелдің пайдасына 8,5 миллион теңгеден астам материалдық шығын және 10 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы шешім шығарған. Алайда кейін облыстық сот материалдық шығын көлемін 4,3 миллион теңгеге дейін азайтқан.

Одан кейін әйел емделуге, дәрі-дәрмекке, медициналық бұйымдарға, қосымша ем-шараларға, сондай-ақ көшу мен денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалған шығындарын өтеу үшін қайтадан сотқа жүгінген. Бұдан бөлек, алған жарақаттарына байланысты жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылғандықтан, жоғалтқан жалақысын да өндіріп беруді талап еткен.

Оқиғаға дейін әйел әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеп, ай сайын 189-218 мың теңге аралығында жалақы алған. Істі қарау барысында сот оның еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейі 90 пайыз екенін анықтады.

Осыған байланысты жоғалтқан табысы үшін ай сайынғы өтемақы көлемі 177 мың теңге болып белгіленді. Жауапкерлер бұл қаражатты әйел зейнет жасына жеткенге дейін төлеуге міндетті.

Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ-дан ортақ жауапкершілік тәртібімен 1,4 миллион теңгеден астам материалдық шығын және сот шығындары өндірілді.

Жауапкерлер сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген. Алайда Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот актілері заңды күшіне енді.