Оқиға Майлин көшесіндегі тұрғын үй ауласында болған. 28 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Астанада тұрғын үй ауласында болған жанжал соңы зорлық-зомбылыққа ұласты. Мас күйдегі 28 жастағы ер адам алдымен қарт кісіні соққыға жығып, кейін оған араша түсуге тырысқан әйелге де күш қолданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде Астанадан түсірілген жан түршігерлік видео тарады. Кадрларда белгісіз ер адамның күндіз тұрғын үй ауласында қарт адамды ұрып жатқаны көрінеді.
Оқиға Майлин көшесіндегі №23 үйдің ауласында болған. Бейнежазбаны жолдаған куәгердің айтуынша, ер адам қарт кісіні соққыға жыққаннан кейін бір әйелдің соңынан жүгіріп барып, оны да ұрған.
Астана қалалық полиция департаменті бейнежазбадағы ер адамның анықталып, ұсталғанын хабарлады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Анықталғандай, 28 жастағы ер адам мас күйде подъезден шығып, қарт кісіге дене жарақатын салған. Сонымен қатар жәбірленушіге араша түсуге тырысқан 41 жастағы әйелді де соққыға жыққан», – деп мәлімдеді полиция.
Полиция азаматтарға қатысты зорлық-зомбылықтың, дөрекілік пен агрессияның кез келген түріне жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
«Зорлық-зомбылықтың әрбір дерегіне принципті құқықтық баға беріліп, кінәлі адамдар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деп толықтырды ведомство.
Астана қалалық полиция департаменті күдіктінің ұсталғаны және уақытша ұстау изоляторына қамалғаны түсірілген бейнежазбаны да жариялады.