Жүргізуші 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Көкшетауда таксиге төлейтін ақшасы болмаған жүргізуші мас күйде көлік тізгіндеген. Ер адам қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 қазанда сағат 03:20 шамасында Көкшетау қаласындағы Әуелбеков көшесінде орналасқан «Еуразия» ойын-сауық кешенінің автотұрағында тұрған Toyota Mark II көлігі бейнебақылау камераларына түскен.
Кадрлардан 1991 жылы туған ер адамның көліктің жанында алкогольдік ішімдік ішіп, содан кейін рөлге отырып, қозғалысты бастағаны байқалған.
Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ақпарат бірден патрульдік полиция батальонының жасағына берілді. Полиция қызметкерлері үйлесімді әрекет етіп, көлікті Әуелбеков пен Біржан сал көшелерінің қиылысында тоқтатқан.
Тексеру барысында жүргізуші медициналық куәландыруға жіберілді. Оның нәтижесі ер адамның алкогольдік мас күйде болғанын растады.
Жүргізушінің айтуынша, таксиге төлейтін ақшасы болмағандықтан, көлікті өзі басқаруға шешім қабылдаған.
Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.