Ер адам қылмысын жария етпеуі үшін мектеп оқушысын өлтіремін деп қорқытқан
Ақтөбе облысында 15 жастағы мектеп оқушысын зорлаған ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыс жасағаннан кейін ол қызға болған жағдайды ешкімге айтпау үшін өлтіремін деп қорқытқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Halyqstan Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қылмыс 2026 жылдың мамыр айында облыс аудандарының бірінде болған. Жәбірленуші сотталған ер адамның кіші қарындасының құрбысы болған. Екі отбасы көршілес тұрып, араласып жүрген. Оқиғадан кейін мектеп оқушысы болған жағдайды туыстарына бірден айтуға батпаған. Қолда бар мәлімет бойынша, ер адам оны өлтіремін деп қорқытып, үрейлендірген.
Бастапқыда қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы – «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бойынша тергелген. Алайда қыздың туыстары істі ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы – «Зорлау» бойынша қайта саралауға қол жеткізген.
Істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сотталушы кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.