Жәбірленуші бір тәулік бойы азап шеккен
Ақтөбеде кафеде танысқан әйелді аяусыз соққыға жыққан 50 жастағы ер адам бас бостандығынан айырылды. Ішімдік ішіп отырған кезде пәтерде жанжал туындап, соңы ауыр жарақатпен аяқталған. Жәбірленушінің үш қабырғасы сынып, өкпе тіні жыртылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Aktobe Times басылымына сілтеме жасап.
Былтыр қыркүйек айында ер адам кафеде екі әйелмен танысып, бірге ішімдік ішкеннен кейін оларды үйіне шақырған. Кешкі отырыс түн ортасына дейін жалғасқан. Алайда бір сәтте пәтер иесі мен қонақтардың бірі сөзге келіп қалған.
Іс материалдарына сәйкес, жанжалға ауызша сөз қағысу себеп болған. Сот анықтағандай, әйел ер адамды балағат сөздермен қорлаған. Бұған ашуланған ол әйелді еденге құлатып, басынан жұдырықпен төрт рет ұрған. Кейін жерде жатқан әйелді қолымен және аяғымен ұрып, қабырғасынан тепкен.
Салдарынан әйел ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның миы шайқалғанын, сол жақтағы үш қабырғасы орнынан жылжып сынғанын, өкпе тіні жыртылып, толық пневмоторакс болғанын анықтаған. Сонымен қатар үшінші бел омыртқасының көлденең өсіндісі сынған. Денесінде көптеген қанталау мен сырылу іздері болған.
Ауыр жарақат алғанына қарамастан, әйел оқиғадан кейін бірден медициналық көмекке жүгінбеген. Ол пәтерде қалып, өз-өзіне келуге тырысқан. Айтуынша, келесі күні ер адам ештеңе болмағандай сыпайы сөйлескен.
7 қыркүйек күні жәбірленуші күні бойы пәтерде болған. Ауырсынуды басу үшін ішімдік ішуді жалғастырған. Бұл кезде тыныс алуы да қиындаған. Тек 8 қыркүйек күні таңертең үйден шыққан. Алдымен вокзал маңында күні бойы далада жүрген, кешке жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілген. Онда бірнеше күн ем алған.
Сот отырысында жәбірленуші оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын белгісіз ер адамдардың өзіне зорлық көрсетуге әрекеттенгенін, олардың бірі бетінен ұрғанын да айтқан. Оның сөзінше, көзінің астындағы көгерген із сол кезде пайда болған. Алайда пәтердегі жанжалға дейін өзін қалыпты сезінген.
Айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған. Ол әйелді ұрғанын жоққа шығармағанымен, негізгі жарақаттарды дастарқан басындағы екінші әйел салғанын айтқан. Сондай-ақ жәбірленушіні кейін басқа біреу соққыға жығуы мүмкін деген болжам келтірген.
Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады. Айыпталушының сөздері жәбірленуші мен куәгердің айғақтарына, сондай-ақ іс бойынша жиналған дәлелдерге қайшы келген.
Сот шешімімен Ақтөбенің 50 жастағы тұрғыны денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Оған барынша қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу шартымен бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.