100 млн теңге: Павлодарда банк картасы арқылы ақша аударған әйел күдікке ілінді

Автор: Алмас Ерсін

 Қызметкерлерінің карталарын алдап алған кәсіпкер әйелге қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды

Фото: freepik.com

Павлодар облысының тұрғыны қылмыстық жолмен алынған болуы мүмкін 100 млн теңгеден астам қаражатты өзге адамдардың банк карталары арқылы аударды деп айыпталып отыр. Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Irbistv.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, ақша аударымдары 2024–2025 жылдары жүзеге асырылған.

Киім сататын бірнеше бутигі бар кәсіпкер әйел қызметкерлерінің банк карталарын алдап алып, оларды қылмыстық схемада пайдаланған.

«Қызметкерлер бұл аударымдар туралы білмеген. Әйел оларға бизнесті дамыту үшін қажет екенін, бір кассалық аппарат арқылы көп соманы өткізуге үлгермейтінін және қосылған құн салығын төлеуге мәжбүр болатынын айтқан. Осыны сылтауратып, олардың банк карталарын алып, интернет-алаяқтықтан және басқа да қылмыстардан түскен ақшаны аударып отырған», – деді Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов.