Оның көлігі мен үйінен бір келіден астам синтетикалық есірткі болуы мүмкін зат және гашишке ұқсас зат тәркіленді
Алматының Наурызбай ауданында полицейлер синтетикалық есірткінің ірі партиясын анықтады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәркіленген заттардың жалпы салмағы бір келіден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері 25 жастағы ер адамды ұстаған.
Каршеринг көлігін тексеру кезінде жолаушылар орындығынан скотчпен оралған 30 орам салынған сөмке табылған. Орамдардың ішінде ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл – мефедрон. Тәркіленген заттың жалпы салмағы бір келіден асқан.
Бұдан бөлек, күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде шамамен бір келі ұнтақ тәрізді зат салынған контейнер және өсімдік тектес зат салынған екі орам табылған. Алдын ала болжам бойынша, соңғы зат гашиш болуы мүмкін. Оның жалпы салмағы шамамен 50 граммды құраған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған азамат есірткі желісінде курьер болып жұмыс істеген. Ол мессенджер арқылы жасырын қоймалардың координаттарын алып, тыйым салынған заттарды алып кетіп, әрбір осындай тапсырмасы үшін ақы алған», – деп мәлімдеді полиция.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді.