«Тоқсаныншы жылдары жазылған»: Тоқаев Құрылтайға жаңа Азаматтық кодекс қабылдауды тапсырды

Автор: Бақыт Шынар

Құрылтай Азаматтық кодексті келесі жылдың соңына дейін қабылдауы керек

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Қазақстан халқына Жолдау арнаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайға жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді тапсырды. Депутаттар оны келесі жылдың соңына дейін қабылдауы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент атап өткендей, қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қабылданған.

«Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды. Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті. Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді. Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді», - деді Тоқаев.

Осының бәрін ескере отырып, президент болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санайтынын мәлімдеді.

«Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың алаңсыз жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн. Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар», - деді Тоқаев.