«Эмоцияңа ие бол»: Алматыда автобуста әйелмен жаға жыртысқан еркек қамауға алынды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Жанжалдасқан әйелге 20 АЕК айыппұл салынып, ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды

Фото: istockphoto.com

Алматыда автобуста екі жолаушының арасындағы жанжал сот шешімімен аяқталды. Оқиға кезінде балағат сөздер айтқан 27 жастағы әйелге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынса, 38 жастағы ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жолаушылар арасындағы сөзге келудің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Полицияның мәліметінше, қоғамдық көліктегі жанжал кезінде екі тарап та былапыт сөздер қолданған.

Сот 27 жастағы Алматы тұрғынын ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Ал жанжалдың екінші қатысушысы – 38 жастағы ер адамға да ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза тағайындалды. Сот оны 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.

Осылайша, қоғамдық тәртіпті бұзған екі жолаушы да жауапкершілікке тартылды.

«Эмоция жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық көлік – әр жолаушы тыныш әрі қауіпсіз сапарға құқылы кеңістік. Былапыт сөздер айту, қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзу айыппұлдан бастап әкімшілік қамаққа дейінгі нақты құқықтық салдарға әкелуі мүмкін», – деп мәлімдеді Алматы қаласының Полиция департаменті.