Әйелін ұрып, татуласқан: Жамбыл облысының тұрғыны мемлекетке 330 мың теңге төлейді

Автор: Алмас Ерсін

Әйелін емдеуге бюджеттен 330 мың теңге жұмсалған. Сот ер адамнан бұл соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы шешім шығарды

Фото: ©magnific.com

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында әйелін ұрып, орташа ауырлықтағы жарақат келтірген ер адам мемлекетке 330 мың теңге өтейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, ер адам әйеліне орташа ауырлықтағы дене жарақатын салған. Әйел ауруханаға жеткізіліп, ем қабылдаған. Оған медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 330 мың теңге жұмсалған.

Ер адамға қатысты денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.

Алайда жәбірленушіні емдеуге жұмсалған мемлекеттік қаражат өтелмеген. Осыған байланысты аудан прокуроры сотқа талап арыз беріп, шығынды өндіріп алуды сұраған.

«Ұсынылған дәлелдер мен іс материалдарын зерделей келе, сот талап арыздың негізді екеніне көз жеткізді. Сот шешімімен талап толық қанағаттандырылып, жауапкерден мемлекет пайдасына материалдық залалды өтеу үшін 330 мың теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж өндіріп алу туралы шешім қабылданды», – делінген Мойынқұм аудандық сотының хабарламасында.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.