«Жүк көлігімен бірге өртеп жібереміз»: Шымкентте қоқан-лоқы көрсеткен екі еркек ұсталды

Автор: Алмас Ерсін

Күдіктілер кәсіпкерден 10 млн теңге талап етіп, 5 млн теңгені алып жатқанда ұсталды

Фото: istockphoto.com

Шымкентте кәсіпкерден 10 млн теңге талап етіп, бермеген жағдайда өзін жүк көлігімен бірге өртеп жібереміз деп қорқытты деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Олар ақшаның жартысын, яғни 5 млн теңгені алып жатқан жерінде қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала тергеу мәліметінше, кәсіпкер ет өнімдерін тасымалдаған. Алайда жолда өнім бұзылып кеткен. Осыдан кейін Шымкенттегі базарлардың бірінде кәсіпкер мен екі ер адамның арасында шығынды өтеуге қатысты дау туындаған.

Полицияның хабарлауынша, күдіктілер кәсіпкердің жүк көлігінің кілтін тартып алып, одан 10 млн теңге талап еткен. Ақшаны бермеген жағдайда көлікті иесімен бірге өртеп жібереміз деп қорқытқан.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен бірлесіп жүргізген операция барысында күдіктілерді 5 млн теңге алып жатқан кезде ұстады. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша өз бетінше билік ету дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.