Ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ
Астанада қоғамдық орында жалаңаш жүрген ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ұсақ бұзақылық туралы істі елорданың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметінше, ер адам бөгде адамдардың көзінше жалаңаш жүрген. Осы әрекетімен ол қоғамдық тәртіпті бұзған. Оқиғаның нақты қай жерде болғаны хабарланбады.
Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізді. Құқық бұзушылық әкімшілік хаттамамен, оның түсініктемесімен және оқиға орнындағы бейнежазбамен расталған.
«Сот ер адамды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады», – делінген сот хабарламасында.
Жаза тағайындау кезінде сот істің мән-жайын, ер адамның жеке басын, сондай-ақ оқиғаға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескерген. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.