Жөкей көлінен 33 келі балық үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Автор: Алмас Ерсін

Көлге Астана мен Қосшыдан келген ер адамдар 33 келі балықты заңсыз аулаған. Оларға алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр

Фото: istockphoto.com

Ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан Жөкей көлінде заңсыз балық аулау дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Ер адамдар қайық пен балық аулайтын ау қолданған. Ұсталған балықтың жалпы салмағы 33 келі болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілиеме жасап. 

Ведомствоның дерегінше, заңсыз балық аулауға Астана мен Қосшыдан Біржан сал ауданына келген ер адамдар қатысы бар. Олар балық аулау үшін пайдалануға тыйым салынған ау қолданған.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция қызметкерлері болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр.

«Балық ресурстарын заңсыз аулағаны үшін ер адамдарға 6 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы, сондай-ақ үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе одан айыру жазасы қолданылуы мүмкін», – делінген хабарламада.

Полиция балық аулауға шықпас бұрын қолданыстағы ережелермен, балық аулау мерзімдері мен шектеулерімен танысуға, сондай-ақ таңдалған су айдынында әуесқойлық мақсатта балық аулауға рұқсат бар-жоғын тексеруге шақырады.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы су айдындарында арнайы талаптар қолданылады. Белгіленген ережелерді бұзу, соның ішінде тыйым салынған аулау құралдарын пайдалану заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.